Қазақстанда жол қозғалысы ережесін үнемі бұзатын жүргізушілер айыппұл төлеудегі 50% жеңілдіктен айырылуы мүмкін. Сенатор Марат Қожаев осындай бастаманы қайта көтерді, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Депутаттың айтуынша, қазіргі ережеге сәйкес, жүргізушілер жеті күн ішінде төлем жасаса, айыппұлдың жартысын ғана төлей алады. Ол біртектес қателікті жиі қайталайтын жүргізушілер үшін осы норманың күшін жоюды ұсынды.
««Мен бір жыл ішінде жол ережесін оннан астам рет біртектес бұзатын жүргізушілерді осы артықшылықтан айыруды ұсындым. Олар 10-шы ереже бұзудан кейін, яғни 11-ші, 12-ші, 13-ші ретте айыппұлдың толық сомасын төлеуі керек», – деді Қожаев Сенат кулуарында.»
—
Сенатор бұл бастаманы алғаш рет 2022 жылы көтергенін еске салды. Сол кезде ол камералар бір жүргізушінің бір жылда 143 рет ереже бұзғанын тіркегенін мысалға келтірген. Көлік иесі 3 миллион теңгеден астам айыппұл төлеген. Үкімет бұл идеяны қарап, қолдаған.
««Бізде заңдар топтамамен қабылданады. Әкімшілік заңнамаға келесі өзгерістер енгізілген кезде осы түзетулерді енгізуге бастамашы боламын деп ойлаймын», – деп сөзін қорытындылады депутат.»
—
Фото: Әлеуметтік желіден
