1 қазаннан бастап жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем төлеу тәртібі өзгереді. Төлемнің мерзімі ең көбі үш ай болады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Аталған өзгеріс әлеуметтік төлем алуға құқығы ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап туындайтын азаматтарға қатысты қолданылады. Әлеуметтік төлемнің мерзімі азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына қарай белгіленеді.

Төлем мерзімі қалай белгіленеді

Жүйеге 6 айдан 12 айға дейін қатысқан азаматқа төлем 1 ай төленеді. 12 айдан 24 айға дейін қатысқан жағдайда 2 ай, ал 24 ай және одан көп қатысқан жағдайда 3 ай төленеді.

Төлемнің ең жоғары мөлшері

Сонымен қатар 1 қазаннан бастап жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері белгіленеді. Ол төлем алу құқығы туындаған күндегі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген 7 ең төменгі жалақының 45%-ын құрайды.

Нақты сома қалай есептеледі

Әр азамат үшін төленетін нақты сома соңғы 24 айда әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысына және оның міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына қарай есептеледі.