Құны 1 АЕК-ке дейінгі, яғни 4 325 теңге болатын дәрілік заттар мемлекеттік баға реттеу жүйесінен шығарылады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл шара бәсекелестікті дамытуға, дәрілік заттардың ассортиментін кеңейтуге және олардың халық үшін қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Нарықтық баға белгілеуге көшу

Министрліктің мәліметінше, нәтижесінде 1 200-ден астам дәрілік заттың бағасы нарықтық тетіктердің негізінде қалыптастырылатын болады.

"Бағасы төмен дәрілік заттарды мемлекеттік баға реттеуінен шығару нарық қатысушыларына сұраныс пен ұсынысты ескере отырып, бағаны өз бетінше қалыптастыруға мүмкіндік береді", — дейді министрлікте.

Тізбе қысқартылды

Бағаларды кезең-кезеңімен ырықтандыру шеңберінде бағасы реттелуге жататын дәрілік заттар тізбесіне өзгерістер енгізілді.

Жаңартылған тізбеге сәйкес мемлекеттік баға реттеуіне жататын позициялардың саны 3 039-дан 1 827-ге дейін қысқартылды.

Осылайша, мемлекеттік реттеу неғұрлым нысаналы сипатқа ие болып, халық үшін қолжетімділігін қосымша қорғауды қажет ететін дәрілік заттарға шоғырландырылады.

Мониторинг күшейтіледі

Дәрілік заттардың бір бөлігін нарықтық баға белгілеу тетіктеріне көшіру фармацевтикалық нарық мониторингін күшейтумен қатар жүргізіледі.